Шығынды өтеу үшін сатылады: сот үлескердердің ақшасын қайтаруға қатысты үкім шығарды

Sputnik
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Алматы қаласында 30-дан астам үлескерді алдап кеткен келіншек сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан бас прокуратураға сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, 2022 жылы "Flora City Stroy" ЖШС директоры әлеуметтік желіде және Krisha.kz сайтында екі тұрғын үйдің құрылысы басталатыны туралы жарнама берген. Бірақ қажетті рұқсат қағаздары болмады.
Сотталушы адамдарды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен алдын-ала сатып алу-сату шарттарын да жасап алды. 34 үлескер жарнамадағы "Lantana" және "Flora" тұрғын үй кешеніне 290 млн теңге салды. Алайда құрылыс жұмыстары басталған жоқ.
Тергеу Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша жүргізілді. Жауапқа тартылған келіншектің кінәсі толығымен дәлелденді. Сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Ал тәркіленген учаскелер жәбірленушілердің залалын өтеу үшін сатылатын болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.