Париж Олимпиадасы: Дмитрий Панариннің қарсыластары анықталды

Ол 28 шілдеде ең бірінші жапон спортшысы Кента Нисимотомен ойнайды
Sputnik
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Париж Олимпиадасында бадминтоннан жарысқа түсетін Дмитрий Панариннің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Панарин Париж Олимпиадасының іріктеуінде D тобына түсті. Ол 28 шілдеде ең бірінші жапон спортшысы Кента Нисимотомен ойнайды. Матч Астана уақыты бойынша сағат 11:30-да басталады. Кента әлем рейтингінде үздік 13 ойыншының қатарына кіреді. 2017 жылғы жазғы Универсиаданың күміс жүлдегері, ал 2018 жылы Джакартадағы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.
Қазақстандық спортшының келесі қарсыласы – канадалық бадминтоншы Брайан Янг. Былтыр ол Панамерика ойындарының жеңімпазы болған. Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында аралас командалық сында чемпион атанды.
Дмитрий Олимпиадада осы спорт түрінен сынға түсетін тұңғыш қазақстандық спортшы болады. 2018 жылы халықаралық деңгейдегі Kazakhstan International, ал үш жылдан кейін Cyprus International турнирінің жеңімпазы болды.

Жарыстың форматы

Бадминтоннан барлық ойын 27 шілде мен 5 тамыз аралығында өтеді. Жүлде үшін 36 мемлекеттен 41 спортшы таласады. Олар 3-4 атлеттен 13 топқа бөлінген.
Плей-офф кезеңіне тек 1-орын алған ойыншы шығады. D тобының үздігі 1/16 айналымда С тобының мықтысымен кездеседі. Ал бұл жұптың жеңімпазын ширек финалда А тобының мықтысы күтіп тұр.