АЛМАТЫ, 24 шілде - Sputnik. Атырау облысы Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында орналасқан Сарыөзек арнасында балықтар қырылған. Бұл мәселеге қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді.
Балықтардың қырылғаны туралы ақпарат 21 шілдеде әлеуметтік желілерде тараған еді.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Атырау қаласы бойынша экология департаментінің өкілдері, Бейбарыс ауылы әкімдігінің, сондай-ақ ғылыми ұйым мен "ҚазСуШар" өкілдерінен құрылған комиссия құрамы балық қырылған жерге барған.
"Шабақтардың қырылуы туралы ақпарат расталды. Өлген шабақтардың жалпы салмағы – шамамен 80 келі. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, өлген шабақтар жойды. Шабақтар Сарыөзек каналындағы судың деңгейі төмен болғандықтан қырылған. Атырау облысы экология департаменті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамасын алды", - дейді ведомство.
Балық қорғау қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың, балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері еріктілермен бірлесіп балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құтқарылған шабақтар – сазан, табан, көксерке, жайын және ұсақ мөңке балықтары. Орташа салмағы – 12-14 грамм, саны 100 мың данадан асады, дейді министрлік.