АСТАНА, 23 шілде - Sputnik. Ақмола облысында Жарқайың және Ерейментау аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.
Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жарқайың ауданының әкімі Жанболат Хамитовке Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың су тасқынының салдарын жою жөніндегі бірқатар тапсырмаларын тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс жарияланған.
"Жарқайың ауданының әкімдігі белгіленген мерзімде пәтерлер мен үйлер сатып алу, сондай-ақ су тасқынынан келтірілген мүліктік зиян үшін өтемақы төлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды аяқтамады, тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттарды уақытында қалпына келтіру мен рәсімдеуді қамтамасыз етпеді, соның салдарынан зардап шеккен отбасыларға үй сатып алу мерзімдері өзгерді. Халықпен жүргізілетін алдын алу жұмысының осалдығы тұрғындардың наразылығына әкелді. Облыс әкімінің өкімімен Жанболат Хамитов қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартылды", - делінген хабарламада.
Ал Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатовқа қоқыс шығару бойынша жұмыстың тиісті деңгейінде жүргізілмегені үшін қатаң сөгіс жарияланған.
"Аудан орталығының көшелерінде егеуқұйрықтар мен антисанитарияның орын алуымен жағдай ушығып кетті. Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ауданды абаттандыру жөніндегі тікелей тапсырмасына да, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі бірқатар жарияланымдардан кейін де аудан әкімдігі тарапынан тиісті назар аударылмады. Облыс әкімінің өкімімен Нұрлан Мұқатовқа қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды", - деп хабарлайды облыс әкімдігі.