Қарағанды зауытындағы апат: күйік алған металлургтерді емдеуге ресейлік дәрігерлер келді

Sputnik
АСТАНА, 22 шілде – Sputnik. Қарағандыға зауытта күйік алған металлургтерді емдеу үшін ресейлік дәрігерлер келді. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.
"Зардап шеккендерді құтқару үшін YDD Corporation жетекші шетелдік мамандарды жұмысқа тартты. YDD өндіріс орындарының бірінде болған штаттан тыс жағдайдан кейін компания жергілікті дәрігерлерге кеңес беру және көмек көрсету үшін Ресей Федерациясының бірнеше жетекші институттары мен ауруханаларынан ең жақсы медициналық комбустиологтардың келуін ұйымдастырды", - делінген хабарламада.
Атап айтқанда, Амосов Владимир Гурьевич бастаған 6 дәрігерден тұратын топ келді.
Ол медицина ғылымдарының кандидаты, Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Орал мемлекеттік медицина университетінің Апаттар медицинасы кафедрасының доценті. Оның күйіктерді емдеуде 40 жылдық тәжірибесі бар және ең бір мықты комбустиолог (күйіктер бойынша) маман болып табылады.
"Сонымен қатар, жергілікті мамандарға Сухов Тимур Халилуллович "Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау департаментінің Ф.И.Иноземцев атындағы қалалық клиникалық ауруханасы" күйік орталығының бөлім меңгерушісі кеңес береді. Ол күйік науқастарын емдеуге маманданған, 25 жылдық тәжірибесі бар травматолог дәрігер. Х.Мақажанов атындағы аурухананың дәрігерлер мен мамандары ресейлік әріптестерімен бірге зардап шеккендерге барлық медициналық көмекті көрсетуде", - деп хабарлады компаниядағылар.
Сонымен қатар, жергілікті және Израиль мен Түркиядағы мамандармен онлайн-кеңестер өткізілуде.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, кәсіпорын қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Еске салсақ, Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болды. Пештен өрт шығып, салдарынан 8 адам жарақат алды. Кейін зардап шеккен 8 адамның алтауы жансақтау бөліміне түскені белгілі болды.