Спорт

Париж Олимпиадасында өнер көрсететін спортшылар жайлы не білеміз

Sputnik
АСТАНА, 22 шілде – Sputnik. Осы аптада Парижде XXXIII Олимпиада ойындары ашылады. Бұл жолы Қазақстанның атынан 80 спортшы өнер көрсетеді. Олар 25 спорт түрінен сайысқа түседі. Соның ішінде жаңадан қосылған жарыстар да бар. Sputnik Қазақстан қазақстандық спортшылар қай спорт түрінен медаль әкелетінін болжап көрді.

Көбі Олимпиадаға алғаш рет қатысады

Қазақстан құрамасында 92 жолдама бар. Ал 80 спортшының басым бөлігі - дюбтант, 54 адам Олимпиадаға алғаш рет қатысады.
21 спортшы екінші рет барады. Үшеуі 3-ші рет, олар: Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (бессайыс).
Ал Ольга Сафронова (жеңіл атлетика) мен Владислав Яковлев (академиялық есу) Олимпиадаға төртінші рет аттанды.

Боксшылардың қарқыны қалай

Қазақстан құрамасы бокстан ең көп жолдама алды. Ерлер барлық жеті салмақта өнер көрсетсе, қыздар үш салмақта бақ сынап көреді.
Сәкен Бибосынов (51 келі) - 2021 жылғыы әлем чемпионы. Ал 2020 жылы Токио Олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев екеуі қола жүлде жеңіп алды. Сол кезде бұдан басқа бокстан медаль түскен жоқ.
Махмұд Сабырхан (57 келі) – 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын жеңіп алды;
Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) –жастар арасындағы Қазақстан және Азия чемпионы. 21 жастағы боксшы үшін Париж Олимпиадасы алғашқы үлкен турнир болады;
Асланбек Шымбергенов (71 келі) – Қазақстанның екі дүркін чемпионы. 2022 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Ал 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын алған;
Нұрбек Оралбай (80 келі) – 2022 жылығы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Былтыр Ташкентте әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты;
Айбек Оралбай (92 келі) – Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Ең жоғары жетістігі – 2022 жылғы Азия чемпионатының алтыны;
·Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) – үш бірдей Азия чемпионатының (2017, 2019 және 2021) күміс жүлдегері. Германия мен Ресейде өткен әлем чемпионаттарында да күміспен күптелген. Ал 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қоланы қанағат тұтты;
Ал қыздардың ішінен үш боксшымыз Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) ел намысын қорғайды. Олардың ішінде Қызайбайда екі дүркін әлем чемпионы атағы бар. Бірақ оны 2014-2016 жылдары жеңіп алған. 2021 жылы Дубайда Азия чемпионы атанды. Карина Ибрагимова 2022 жылы Азия чемпионатын жеңіп алды. Ал Валентина Хальзова былтыр әлем чемпионатында қола жүлдегер болды.

Дзюдошылар үлкен үміт артылып отыр

Боксшылардан кейін жолдама саны жағынан дзюдошылар тұр. Олар 9 лицензияны ұтып алған. Ел намысын қорғайтындардың сапында Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шәмшиев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі), Абиба Абужақынова (48 келі), Эсмигуль Куюлова (63 келі) мен Камила Берликаш (+78 келі) бар.
31 жастағы Сметов әлемдік рейтингте 22-ші орында тұр. Бұған дейін екі бірдей Олимпиадаға барып, күміс пен қола алып келген. 2022 жылы әлем чемпионатында қоланы қанағат тұтты.
Ал қыздар арасында Абиба Абужақыноваға үлкен үміт артылып отыр. Ол 2022 мен 2024 жылғы әлем чемпионаттарында қола жүлдегер атанған. 2022 жылы Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Әлемдік рейтингте үшінші орында тұр.

Тағы бірнеше спорт түрінен үміт бар

Қазақстан құрамасында спорттық гимнастикадан 8 жолдама бар. Ал осы спорт түрінде Милад Карими мен Нариман Құрбанов өнер көрсетеді.
Карими – белтемірдің шебері. Былтыр әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бұған дейін Азия чемпионы атағын жеңіп алған. Құрбанов халықарадық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогы кезеңдерінде алтын алған. Ал биыл Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты.
Бұдан бөлек, жеңіл атлетика (8 жолдама), каноэ мен байдаркамен есу (6), оқ ату (6), семсерлесу (5), теннис (5), садақпен ату (4), стендтік ату (3), ал велоспорттан 3 жолдамамыз бар.
Осы орайда мергендер мен семсерлесушілерді ерекше атап өткен жөн. Былтыр Ханджоуда өткен Азия ойындарында мергендер бірнеше медаль жеңіп алды. Тура сол жарыстарда стендтік атудан үш бірдей алтын түсті. Ал семсерлесушілер командалық жарыста екінші орынға ие болды.

Палуандар көп емес

Париж Олимпиадасында жеті қазақстандық палуан барады.
Грек-рим күресінен:
60 келі — Айдос Сұлтанғали;
77 келі — Демеу Жадраев;
87 келі – Нұрсұлтан Тұрсынов;
130 келі— Әлімхан Сыздықов;
Еркін күрестен:
· 86 келі — Азамат Дәлетбеков;
· 97 келі — Әлішер Ерғали;
· 125 келі —Юсуп Батырмурзаев;
Өкінішке қарай, әйелдер арасындағы жарыстарға ешкім қатыспайды. Сондай-ақ, ауыр атлетикадан бірде-бір жолдама жоқ.

Екі Әмір жарыс жолына шығады

Париж Олимпиадасында жаңа спорт түрлерінен де жарыс өтеді. Ойындардың бағдарламасына брейкинг, желкенді қайық спорты, құзға шығу сияқты сайыстар бар. Соның екеуіне қазақстандық спортшылар қатысады. Әмір Маймұратов спорттық құзға шығудан бағын сынап көрсе, Амир Закиров брейкингтен жарысқа түседі.
Маймұратов әлемдік рейтингте 4-ші орында тұр. Ал Парижде құзға шығу сайыстарына барлығы 16 спортшы қатысады. Сондықтан жүлделі орын таласуға мүмкіндік бар.
Амир Закиров болса, Будапештте өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша Париж ойындарына жолдама алды. Ол финалға дейін жетіп, ақтық сында Нидерланд өкілінен жол берді. Осылайша, екінші орынмен қатар олимпиадалық квотасына ие болды. 2021 жылы ол Польшада өткен брейкингтен әлемдік чемпионатта жеңіске жеткен болатын.
Айта кетері, Қазақстан құрамасында ең жас спортшы 17 жаста. Батырхан Төлеуғали тхэквондо жарыстарына қатысады.

Жүлде сомасы қандай

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне заң бойынша қомақты сыйақы беріледі.
алтын медаль - 250 000 доллар;
күміс - 150 000 доллар;
қола – 75 000 доллар;
Бұдан бөлек, төртінші орыннан алтыншыға дейін алған спортшыларға да
30 000, 10 000 және 5 000 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі.
Ал олимпиадалық спорт түрлері үшін әлемдік рекорд орнатқаны үшін қосымша 5 000 доллар қарастырылған.