АЛМАТЫ, 22 шілде - Sputnik. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі шағын авиация пайдаланушыларының ұшу қауіпсіздігін күшейтіп жатыр, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Көктемгі және жазғы кезеңде авиациялық жұмыстарға тартылған шағын авиациялық әуе кемелерін пайдалану кезінде авиациялық оқиғалар жиілеп кетті.
"Осыған байланысты Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Азаматтық авиация комитетінің тапсырмасына сәйкес авиациялық оқиғалардың қайталануын алдын алуға, оның ішінде компаниялардың қызметін тоқтата тұру, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарының қолданылуын тоқтата тұру, заңнама талаптарын бұзған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту шараларын күшейтеді", - деп жазды ведомство.
Ан-2 үлгісіндегі барлық әуе кемесіне қосымша бағалау жүргізу, авиациялық қызметкерлердің ұшуды орындауға дайындығын бақылауды күшейту және басқа да алдын алу шаралары мәселелері бойынша нұсқаулар берілді.
Еске сала кетейік, 21 шілде Ақмола облысының Жарқайың ауданында АН-2 әуе кемесі апатқа ұшырады. Ұшақта өрт шыққан. Борттағы ұшқыш секіріп үлгерді.