Бектенов тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арнап салынған үйлерді тексерді

Sputnik
АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен еліміздің батысына барды. Басты мақсат – мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеру.
Жұмыс кестесінен артта қалу байқалған Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауылдары мен кенттеріне баса назар аударылады (биылғы 17 шілдедегі Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөніндегі кеңес).
Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы "Жұлдыз" ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдері бағаланды.
Теректі ауданы Подстепное ауылында 3 бөлмелі 106 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс биылғы мамыр айында басталған болатын. Бүгінде іргетасын құю жұмысы толығымен аяқталды, 43 үйдің қабырғасы тұрғызылып жатыр, 62 үйдің шатыры жабылуда. Нысандарға 8 мердігер ұйым, шамамен 330 адам және 56 техника жұмылдырылған. Тамыз айының ортасында пайдалануға беру көзделген.
Деркөл кентінде 103 тұрғын үй жаңа учаскелерде салынып жатыр. Қазіргі уақытта іргетас құю жұмыстары толығымен аяқталды, 24 нысанда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Оған 5 мердігер ұйым жұмылдырылды. Жұмыс биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.
Орал қаласының "Жұлдыз" ықшамауданында 191 нысан жаңа жерде салынып жатыр. Тұрғын үйлерді уақытылы тапсыру үшін 17 мердігер мекеме жұмысқа тартылды. Бүгінгі таңда барлық үйдің іргетасы құйылған, 178 үйдің қабырғасы қалануда, 49 нысанның шатыры жабылып жатыр.
Премьер-Министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа баспанамен уақытылы қамтамасыз ету үшін жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
"Өңір қажетті қарқын алуы керек. Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар қатары көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.