АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Астанада 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жол жүру тарифі көтеріледі, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Әкімдіктің мәліметінше, соңғы он жылда автобустағы билет құны 90 теңгеден қымбаттамаған.
“Астанада қоғамдық көлікте жол жүру құны 1 тамыздан бастап 90 теңгеден 110 теңгеге дейін артады. Қалалық маршруттарда жол жүруге 90 теңге тариф 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленді. Бұған дейін қаулы жобасы ашық НҚА порталында жария талқылауға шығарылған болатын”, - деп жазды ведомство.
Айта кету керек, Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар 2020 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүрген.
Бұдан кейін де солай болады, бірақ мектептің көлік картасы болу керек.
“Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар, зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға жеңілдік жасалады”, - дейді әкімдік.
Сондай-ақ жеңілдіке көп балалы аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі ие бола алады.
Жеңілдік алушылардың қатарына "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары кіреді.