АЛМАТЫ, 21 шілде – Sputnik. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 861,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"Зейнетақының орташа мөлшері 132 110 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 479 теңге, базалық зейнетақы – 42 631 теңге", - деп жазды ведомство.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-не тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ке артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ін құрайды", - дейді министрлік.
Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді.