АЛМАТЫ, 21 шілде - Sputnik. Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында зардап шеккен 6 адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
"Зардап шеккен алты адамның жағдайы өте ауыр болып қалуда. Тағы екі науқас интенсивті терапия бөлімінде. Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасуда, ем алушыларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі", - дейді ведомство.
Қазіргі уақытта Қарағанды ферроқорытпа зауытының зардап шеккен сегіз қызметкеріне медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Барлық науқас профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада ем алуда.
"Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен қосымша медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға Академик Н.Д.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер арнайы келді. Медициналық топтың құрамына тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтар кірді", - дейді денсаулық сақтау басқармасы.
Елордалық мамандар жергілікті дәрігерлермен алғашқы кезде барлық қажетті медициналық көмектің көрсеткен.
Айта кетейік, Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болды. Пештен өрт шығып, салдарынан 8 адам жарақат алды. Кейін зардап шеккен 8 адамның алтауы жансақтау бөліміне түскені белгілі болды.