Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының өнімін мұнайшылар сатып алады

Sputnik
АЛМАТЫ, 21 шілде - Sputnik. Мұнайшылар "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өнімін сатып алатын болады, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір әкімдігі мен Karachaganak Petroleum Operating консорциумы арасында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау туралы меморандумға қол қойылды.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ғана емес, сонымен қатар өнімді өткізу нарығын кеңейту үшін жағдай жасауға және тиісінше оған қатысушылардың табысын арттыруға ықпал етеді. Біздің елімізде көптеген ірі кәсіпорындар жұмыс істейді және олардың барлығында сапалы өнімдерге сұраныс бар. Бұл тәжірибе басқа компаниялар үшін де үлгі болатынына сенімдімін", — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Екі тарап келісімнің өзара тиімділігіне тоқталды.
"Бүгінгі меморандум "Ауыл аманаты" жобасына қатысушылар үшін үлкен көмек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерде ірі әрі ең бастысы, тұрақты тұтынушы пайда болды", — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Консорциум басшылығы осы бағыттағы тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
"Экологиялық таза әрі сапалы азық-түлік өнімдерін сатып алу кәсіпорын қызметіне оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Біздің кеңселеріміз бен зауыттарымыз Батыс Қазақстан облысында орналасқандықтан, бізге жергілікті өнімдерді сатып алу ыңғайлы", — деді Karachaganak Petroleum Operating компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.
Келіссөздер барысында логистика мәселелері талқыланды. БҚО елді мекендерінің қашық орналасуы тауардың түпкілікті құнына әсер ететіні айтылды. Мәселені шешу үшін орталық оператор ретінде "Ақ Жайық" ӘКК-ні қосу туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілерге өнімді тасымалдау кезінде қолдау көрсетіледі.