АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Қазақстаннан Моңғолияға бара жатқан тұрақты автобус РФ Алтай Республикасы аумағында өртеніп кетті.
Алтай Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram каналының хабарлауынша 20 шілде күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06:13-те (Астана уақытымен 04:13-те) тұрақты автобустың өртенгені туралы хабарлама түскен. Автобус Астана – Баян-Өлгей (Моңғолия) бағыты бойынша жүріп бара жатқан.
"Салонда 50 адам болған, оның 15-і бала, барлығы өз бетімен эвакуацияланған, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Өрт бір сағаттың ішінде сөндірілді. Көлік қозғалысы шектелген жоқ. Жолаушылар Иня ауылындағы уақытша орналастыру пунктіне жеткізілді.