АСТАНА, 20 шілде— Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин Беларусь басшысы Александр Лукашенконы билікте отырғанына 30 жыл толуымен құттықтап, оның отандастары арасындағы беделі зор екенін атап өтті, деп хабарлайды РИА Новости Кремльдің сайтына сілтеме жасап.
"Қазіргі заманғы мемлекеттік институттардың құрылуымен және әлеуметтік-экономикалық салалардағы елеулі жетістіктерімен ерекшеленетін Беларусьтің жаңа тарихы сіздің есіміңізбен тығыз байланысты. Беларусь сайлаушылары ең жоғары мемлекеттік лауазымға қатарынан алты рет сізді лайық көріп, өзіңізге сенім артты. Бұл – отандастарыңыздың алдындағы үлкен беделіңіздің дәлелі", - делінген құттықтауда.
Путин сондай-ақ Лукашенконың Ресей мен Беларусь арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытуға, одақтас мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі өзара тиімді интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге қосқан жеке үлесін атап өтті.
"Ресей мен Беларусь бауырлас халықтарының игілігі үшін біздің сындарлы, жолдастық диалог пен тығыз бірлескен жұмысымызды жалғастыратынымызға қуаныштымын. Сізге шын жүректен зор денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметте табыс тілеймін", - деді Путин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Астанадағы саммитінде Беларусь ұйымға қабылданды. Ол ШЫҰ-ның 10-шы мүшесі болды.