Ферроқорытпа зауытындағы жағдай: 6 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады
Sputnik
АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы туралы айтты.
Басқарманың мәліметінше, зауыттағы пештен шыққан өрттен зардап шеккен 8 адам Қарағандыдағы Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығын күйік шалған.

"Алты адам жансақтау бөлімінде, екі адам комбустология (күйік) бөлімшесінде жатыр. Олардың бесеуінің жағдайы өте ауыр, екеуінің жағдайы ауыр, бір науқастың жағдайы орташа деп бағаланып отыр", - делінген облыстық денсаулық басқармасында.

Зардап шеккендерді арнайы мамандар тексерді. Қосымша тексерулер жүргізілді. Науқастар барлық қажетті емді толық көлемде алады, деп атап өтті басқарма.
Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.
"Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 2-бөлігі "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - делінген полиция хабарламасында.
Айта кетері, 20 шілде таңғы сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. № 1 пештен кенеттен жалын шығып, салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы түрлі дәрежеде жарақат алған.
Қарағанды ферроқорытпа зауытында 8 адам жарақат алды