Жасанды интеллект: Саясат Нұрбек мамандар даярлауға 100 стипендия бөлінетінін айтты

Министрдің айтуынша, қазір 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Касым-Жомарт Токаев принял министра науки и высшего образования Саясата Нурбека
Саясат Нұрбек жоғары білім және ғылым жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бастама мен жобаларды таныстырды.
Министрдің айтуынша, елімізде осы уақытқа дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 25 филиалы ашылған.
Нұрбек өз баяндамасында шетелдік серіктестермен аймақтардағы мемлекеттік университеттерді халықаралық білім беру стандарттары бар зерттеу университеттеріне айналдыру туралы келісімдерге қол жеткізілгенін айтты.
Ол биыл студенттерге қаржылай қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізіле бастағанын жеткізді.
Олардың қатарында "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы, жеңілдетілген білім беру несиесі мен дифференцияланған гранттар бар.
Аталған шаралар халықтың барлық санатына жоғары білімнің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Министр жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі президент тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді.
Айтуынша, қазір 8 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан астам студент жасанды интеллект саласын оқып жатыр. Цифрлық экономикаға бейімделген кадрлардың әлеуетін дамыту үшін Google, Nvidia, Coursera, 01 Edu System және Huawei сияқты трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнатылған.
Министр жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін "Болашақ" бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
Кездесу соңында мемлекет басшысы жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.