Жалпыға бірдей декларацияны қалай тапсырады

Декларацияны тапсыру кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы тиіс
Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларацияны тапсыру тәртібін түсіндірді.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі азаматтардың Қазақстан аумағында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көліктерін қоспағанда, жеке тұлғаның барлық активі, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетілетін "кіріс" декларациясын ұсынуынан тұрады.
Декларацияны тапсыру кезінде Қазақстандағы және шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы тиіс. Себебі, декларацияда көрсетілетін активтердің құны болашақта салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.
Сондықтан декларацияны толтырмас бұрын:
1) тиісті растайтын құжаттарды дайындау қажет;
2) тәуелсіз бағалаушыда бірлігінің құны 1000 АЕК-тен (3,5 млн теңге) асатын мүлікке бағалау (қалауы бойынша) жүргізу қажет. Бұл ретте бағалау 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша болуы тиіс;
3) қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін берілген жағдайда, нотариустардан қарыз шарттарын куәландыру керек;
Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің болуын келесі сайттар бойынша тексеруге болады:
Бағалы қағаздар бойынша: portal.kacd.kz;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша: homeportal.kz;
зияткерлік меншік, Авторлық құқық объектілері бойынша gosreestr.kazpatent.kz;
сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша: egov.kz
Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) болуы бойынша сұрау салуды Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға жіберу қажет.
​ Жеке тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz) және "E-Salyq Azamat", "eGov mobile" Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz. мобильді қосымшалары арқылы ұсына алады.
Декларацияны толтырғаннан кейін салық төлеушілер декларацияға ЭЦҚ арқылы немесе SMS-кодты енгізу арқылы қол қоя алады.
Бұл ретте иемлекеттік кірістер комитеті декларацияны мерзімде ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескеріп, декларацияны тапсыруды соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.