АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуропалық Одақ Украинаға бума-бума ақша жіберіп жатқанда, бәсекеге қабілеттілікті арттыру қиынға түсетінін мәлімдеді.
"Еуроодақ үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыру қиынға түседі – Орбан. Ақша Украинаға кетіп жатыр, сондықтан біз соғысқа орасан көп ақша жұмсасақ, бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте қиын. Бұл тіпті біздің соғыс емес, екі славян халқының арасындағы соғыс, біз тараптардың біріне бума-бума ақша тасып жатырмыз. Қазірдің өзінде жүз миллиард форинттен (280 миллион доллар - ред.) асып кетті", - деді Орбан Kossuthрадиосының эфирінде.
Оның айтуынша, Венгрия еуропалық бәсекеге қабілеттілікті арттыруды Еуроодақ кеңесіне өзінің төрағалық етуінің басым бағыты ретінде атады және тиісті пакт жасасуға бастамашылық етуді көздеп отыр.
Венгрия премьер-министрі Украинаны қаржыландыруға байланысты еуропалық фермерлер жеткілікті ақша ала алмай жатқанын, сонымен қатар құрылықтағы инфрақұрылымның дамуы да тежелгенін атап өтті.
Орбан Украина экономикасы құлдырағанын, тек Еуропа мен АҚШ-тың қаржысына сүріп жатқанын бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, Еуропалық Одақ басшылығы Украинадағы қақтығыстың жалғасуын қолдайды, өйткені кейбіреулер одан айтарлықтай пайда көріп отыр, бірақ еуропалықтардың көпшілігі зардап шегуде.
Венгрия премьер-министрі 2022 жылдың мамырында қару өндірушілер, алып-сатарлар және Батыстың ірі экономикалық топтары, соның ішінде ресейлік табиғи ресурстарға қол жеткізгісі келетін америкалық миллиардер Джордж Сорос Украинадағы қақтығысты жалғастыруға мүдделі екенін айтты.