АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. 2024 жылдың басынан бері 8,7 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік этникалық қазақтардың республикаға оралуына қатысты бірнеше дерек ұсынды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың
49,5%-ы– Қытайдан,
34,7%-ы – Өзбекстаннан,
5,9%-ы – Түрікменстаннан,
5,3%-ы – Моңғолиядан,
3,3%-ы – Ресейден
1,3%-ы басқа елдерден келген.
Еңбек министрлігінің мәліметінше еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 9,9%-ды құрайды.
"Білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 23,2%-ы орта кәсіби білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді, және 4,6%-ының білімі жоқ",- делінген хабарламада.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Қандастарды қоныстандыру үшін жұмыс күші тапшы аймақтар анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
"Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды",- деп атап өтті министрлік.
Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастар субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілген:
1.
қоныс аударғаны үшін – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы;2.
тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін – ай сайын бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55,3-тен 110,7 мың теңгеге дейін).Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
2023 жылдан бастап "бір терезе" қағидасы бойынша пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы қандас мәртебесін беру механизмі енгізілді , деп хабарлады ведомство. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 10 993 өтініш қабылданды.