Ақтөбеде үйлер сапасыз салынған: қылмыстық іс сотқа жолданды

337 миллионға салынған екі жаңа тұрғын үй "жарамсыз" деп танылды
Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Ақтөбеде тұрғын үйлерді сапасыз салу бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Ақтөбе құрылыс басқармасы 24 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысына тапсырыс берген. Оны орындау үшін "Машат" ЖШС-мен келісімшарт жасап, бюджеттен 337 миллион теңге бөлген. Алайда, құрылыс аяқталғаннан кейін үйлердің іргетасында әр түрлі жарық пайда болып, жарамсыз болып қалды,
Басқарма тапсырысты 2018 жылы берген, бір жылдан кейін тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Тұрғын үйлердің құрылысы кейіннен қосалқы мердігер "Агро-Сервис" ЖШС-не берілген.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 278-бабының 2-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігімен (алаяқтық, сапасыз салынған құрылыс және сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтiк қызметтер көрсетуді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды", - деп хабарлады прокуратура.
Прокуратураның мәліметінше, мамандардың қорытындысына сәйкес, үйлер апатты жағдайда, пайдалануға жарамсыз және бұзуға ұсынылған. Іргетас бетон блоктарының техникалық сипаттамалары ГОСТ талаптарына сәйкес келмейді. Жиналған дәлелдемелердің негізінде күдіктілерге қатысты "үйқамақ", сондай-ақ "кепіл" түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды
Қазіргі уақытта облыс прокуратурасымен төрт күдіктіге қатысты қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін, Ақтөбе қаласының №2 сотына жолданды.