Цифрлық теңге ұлттық қордан бөлінген ақшаны бақылауға көмектеседі

Ұлттық қордан бөлінген ақшаға таңба салынды – халық қазынасын бақылаудың жаңа технологиясы қолға алынды
Sputnik
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Ұлттық қордан бөлінген қаражатты цифрлық теңге платформасы арқылы пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді ақшаны таңбалап, нақты мақсатқа жұмсалуын бақылауға болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл бастама – ұлттық цифрлық валютаны енгізудің екінші кезеңі. Соның аясында таңбаланған цифрлық теңге "Достық-Мойынты" темір жол учаскесін салуға жұмсалады.
"Цифрлық теңгені бағдарламалау технологиясы қаржы иесіне оны өз бетінше бақылауға және тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге платформасында жобаны қаржыландыруға бөлінген ақшаға таңба қойылды. Таңбаланған цифрлық теңге қажетті міндеттемелерді толық көлемде орындаған ұйымдардың атына ғана төленеді", - дейді банк мамандары.
Таңбаланған цифрлық теңге өнім берушілер мен мердігерлерге дейін бүкіл тауар жеткізу тізбегі бойынша қолданылады. Осылайша, таңбалау технологиясы бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау тәуекелдерін азайтады деген жоспар бар.
Пилоттық жобаны дамыту аясында цифрлық теңгені таңбалау үшін эталондық дереккөздерді кеңейту, екінші деңгейлі банктердің санын арттыру және ұлттық қордан қаржыландырылатын өзге де жобаларға арналған платформаны пайдалану жоспарланып отыр.
2024 жылдың соңында цифрлық теңгені енгізудің екінші кезеңі бойынша есеп жарияланады.