АЛМАТЫ, 18 шілде – Sputnik. Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға 346,8 млрд теңге жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер төленді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылғандарға әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 306,6 млрд теңге жұмсалды.
Бұған қосымша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 40,2 млрд теңге әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.
Қазақстанда мүгедектігі бар 540,1 мың адам, асыраушысынан айырылған 198,5 мың адам тұрады. Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылған 94,8 мың адам, ал асыраушысынан айырылу бойынша 63,4 мыңға жуық отбасы әлеуметтік төлем алды.
Биылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ке өсті. Қазақстан үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ке арты.