Бишімбаев әлі де тергеу изоляторында отыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 шілде – Sputnik. Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға соттталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияға әлі кетпеген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтты.
Экс-министр әлі де тергеу изоляторында отыр.
"Қазіргі уақытта сотталушы Бишімбаев түрмеге әлі жабылған жоқ, тергеу изолятиорында отыр. Ол қауіптілігі жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтейді", - дейді Жәнібеков.
Комитет төрағасының айтуынша, ол колонияға түскен соң 15 күн карантинде болады, әрі қарай тәрбие жұмыстары жүргізіліп, психологтар жұмыс істейді. Басқа жазасын өтеушілер сияқты онымен де кешенді жұмыс жүргізіледі.
Брифингте Жәнібеков журналистердің "Бишімбаев колонияда қандай жұмыс істейді?" деген сұрағына жауап берді.
"Жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастырамыз. Бізде кәсіпорын саласында жұмыс істейді, ағаш, темір өңдеу бойынша жұмыс істейді. Қай жерде бос жұмыс орны бар сол жерде жұмыс істейді. Әрбір мекемеде жұмысқа орналастыру бөлімі бар, солар айналысады", - деді Жәнібеков.
Еске сала кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты