АЛМАТЫ, 18 шілде – Sputnik. Қазақстанда алғаш рет әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереяларға қарсы күрес жұмыстары басталды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев айтты.
Лотереялар ойнатуға айрықша құқық лотерея операторына және оның агенттеріне берілген. Ал заңсыз лотерея ұйымдастырғандарға 4 млн теңге айыппұл салынады.
"Бүгінгі таңда 16 азамат айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылық туралы 30 хаттама соттың қарауына жолданды, әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізуге қатысты тағы 35 факті тіркелді. Ұйымдастырғандарды жауапқа тарту үшін материалдар жиналуда", - деді Төлебаев.
Министрлік интернет-ойынханалар мен заңсыз букмекерлік сайттарды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда осындай 15 ресурстың 3 ұйымдастырушысы анықталды, оның ішінде оларға төлем жасау және эквайринг қызметтерін көрсеткен жергілікті қаржы ұйымдары да бар.
"Олар бойынша материалдар Алматы қаласы мен басқа өңірлердің экономикалық тергеу департаменттеріне жолданды", - деді спикер.