Бастапқы алым төлемей көлігін тіркегендер мемлекетті 5 млрд шығынға ұшыратты

Sputnik
АЛМАТЫ, 17 шілде - Sputnik. Алматы облысының әкімшілік полициясы бастапқы алымы төленбеген шетелдік көліктерді тіркеген, деп хабарлады облыстық мемлекеттік кірістер департаменті.
2022 жылы облыстық әкімшілік полициясы бастапқы алымы төленбеген 677 шетелдік ауыр жүк көлігін тіркеген. Салдарынан мемлекетке 5,1 млрд теңге шығын келді. Бұны Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер органдары Алматы облысының прокуратурасымен бірлесіп анықтаған.
"Алматы облысы әкімшілік полиция басқармасын тексеру қорытындысы бойынша 2022 жылғы кезеңде көлік құралын бастапқы тіркегені үшін 5,1 млрд теңге алым және 0,7 млн теңге мемлекеттік баж төлемей, 677 ауыр жүк көлігі шетелден әкелінгені анықталды", - дейді ведомство.
Алматы облысы бойынша экономикалық қадағалау департаменті 3,1 млрд теңге сомасындағы 413 салық төлеушіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
Еске сала кетейік, көлік құралын тіркегені үшін алым бір рет төленеді.
"Үшінші елдерден әкелінетін автокөлік құралдары, атап айтқанда, шығарылған жылы 7 жылдан асатын ершікті тартқыштар, шығарылған жылы 5 жылдан асатын автобустар мен жүк автомобильдері бастапқы есепке қою кезінде алым төлемеген, оның мөлшері 2 500 АЕК немесе 7,6 млн теңге", - дейді департамент.
Ведомствоның айтуынша, қазіргі уақытта әкімшілік полиция басқармасы борышкерлерге хабарлама жіберіп жатыр.