АЛМАТЫ, 17 шілде – Sputnik. Ақмола облысының тұрғынына алаяқтар 7,5 млн теңге кредит алдырған, деп хабарлады Polisia.kz.
Қылмыскерлер ер адамды алдау үшін жоспар құрған.
"Жәбірленушіге алдымен өздерін қалалық әкімдіктің лауазымды адамы деп таныстырған. Содан кейін өзін күш ведомствосының қызметкері және ұлттық банктің қызметкері деп атаған белгісіз адамдардан қоңыраулар түсе бастаған. Олар Степногорск қаласының барлық банкінде жәбірленушінің атына онлайн несиелер ресімделгенін айтқан, бірақ егер өтініш беруші несие ресімдеп, ақшаны оларға аударса, заңсыз әрекеттің алдын алуға болады деп сендірген",- дейді ведомство.
Бұл аздай алаяқтар ер адамды қауіпсіздік күштерінің арнайы операциясына қатысатынын және бұл туралы ешкім білмеуге тиіс екенін айтқан.
"Қоңырау шалушыларға сеніп, ақмолалық барлық шартты орындап, жеке өзі 4,5 миллион теңгеге несие рәсімдеп, қолма-қол ақша алып, кейін алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған. Алайда алаяқтардың сенім ұялатқаны соншалық, ер адам сол күні 3 млн теңгеге тағы бір несие рәсімдеген", - дейді полиция.
Жәбірленуші басқа да банктерге барып, несие рәсімдемек болған, алайда оған несие берілмеген.
Кейіннен ақмолалық 7,5 миллион теңгені әртүрлі сомамен 20-дан астам түрлі банктік шотқа аударған. Қазіргі уақытта Степногорск қаласының полициясы алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.