АЛМАТЫ, 16 шілде – Sputnik. 180 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
128,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы – 39 млрд теңге.
"Заңға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ін құрайды", - дейді ведомство.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
eGov.kz порталында авторизациялану;
"Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Бұл қызметті онлайн режимінде электронды еңбек биржасы enbek.kz арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәлімет болған кезде еңбек министрлігі МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.