АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Үкімет отырысында жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы қаралды.
Үкіметтің мәліметінше, жасанды интеллект жүйелерін қолдану 2030 жылға қарай жаһандық жалпы ішкі өнімді 14%-ға арттырып, 70%-ға дейін қосымша экономикалық тиімділік беруі мүмкін.
Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Олардың қатарында мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар.
"2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер саны 5 есеге өсуі тиіс. Осыған сәйкес, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет тиісті тұжырымдама жобасын қабылдады.