ЕАЭО-да өнеркәсіптік кооперацияны қолдаудың жаңа механизмі таныстырылды

Sputnik
АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақта өнеркәсіптік кооперацияны қолдаудың жаңа механизмін пайдалануға болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссияның өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Николай Кушнаревтың айтуынша, жаңа механизм еуразиялық экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды белесі болып саналады.
"Шын мәнінде, бұл - бизнесті қолдаудың тікелей емес шараларынан қаржылық көмек беруге көшкенімізді көрсетіп отырған үлкен өзгеріс. Ал оның ерекшелігі – ұлттық және аймақтық қолдау шараларынан бас тартпай, өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыру үшін пайдалануға болатынында. Кооперацияны ұйымдастырудың сан алуан форматтары да қарастырылған", - деді Кушнарев Грозныйда өткен Кавказ инвестициялық форумында.
Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық комиссия осы механизм аясында пилоттық жобаларды іске асыру үшін кәсіпкерлермен және банктермен тығыз жұмыс істеуге дайын.
Ресейдің экономикалық даму министрлігінің өкілдері, Дағыстанның өкілділігі, Әзербайжанның экономика министрлігі, "Кавказ. РФ" АҚ және басқа да қатысушылар жаңа механизм бойынша Еуразиялық экономикалық комиссиямен арадағы ынтымақтастық байланыстарын нығайтуға ниетті екенін жеткізді.