Құны 280 миллион теңге болатын дәрі-дәрмек қолданыстан шығарылды

Елімізде тіркелмеген дәрілер 2000%-ға дейін үстеме бағамен сатылған
Sputnik
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Жоғары аудиторлық палата халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге "СК-Фармация" ЖШС-ның қызметін тексерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан палатаның ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Тексеріске сәйкес, бүгінде баға белгілеу жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Соның салдарынан "СК-Фармация" компаниясы жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алған. Ал оған кеткен ақшаның сомасы 8 млрд теңгеден асып отыр.
"Бұдан басқа, бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Соның нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған", - дейді аудиторлар.
Сондай-ақ тіркелген аналогтары болса да, 3 млрд теңгенің дәрісі бір көзден сатып алынды. Ал жергілікті қамтуды растайтын "СТ-KZ" сертификаты жоқ препараттарды 182 млрд теңгеге алған.
Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмектерді сақтау нарығын монополизациялауы және бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті. 2022-2024 жылдары шығынның сомасы 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін артқан.
"Ақмола, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау жедел қоймаларының болмауы логистика шығындарын ұлғайтып, төтенше жағдайлар кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін", - палата есебінде.
Айта кетері, өткен айдың ортасында "СК-Фармация" ЖШС басшысы Ерхат Есқалиев қызметінен кетті.
Компания басшысы әлі тағайындалған жоқ.
Есқалиев "СК-Фармация" басшысы қызметінен кетті