АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. 180 мүгедек қазақстандық цифрлық кәсіптерге тегін оқи алады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Астанада "Самұрық-Қазына" АҚ іске асыратын "OrleTECH 3.0" қайырымдылық жобасы аясында мүгедек жастарға арналған оқыту лагері жұмысын бастады.
"Лагерьге қатысушы жастар цифрлық кәсіптерге No code әзірлеу, UX / UI design және AI мамандығын игеру сияқты үш бағыт бойынша оқытылады және оларға жұмыс іздеуде жәрдем жасалады. Бұл оқыту курстары қазақ, орыс тілдерінде және ымдау тілінде өтеді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Жобаға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500-ден астам өтінім келіп түсті. Сұхбат қорытындысы бойынша әр түрлі мүгедектік топтары бар 18 жастан 35 жасқа дейінгі 180 адам іріктелді. Олардың көпшілігі студенттер.
Soft skills - икемді дағдыларды дамыту жөніндегі екі күндік лагерь табысты кәсіби қызмет үшін қажетті коммуникативтік дағдыларды, көшбасшылық қасиеттерді, эмоционалды интеллектті, сондай-ақ басқа да негізгі құзыреттерді дамытуға арналған қарқынды бағдарлама.
Лагерь тек Астана қаласында ғана емес, шілде айының соңында Алматыда да өтеді. Мұнда басқа өңірлерден де қатысушылар жиналады. Онлайн форматтағы оқу осы жылдың қараша айына дейін жалғасады.
Лагерьге қатысушылар оқу барысында түйіндеме жасау, жұмыс іздеу бойынша онлайн-платформалармен жұмыс істеу, әңгімелесуге дайындық бойынша қосымша ұсыныстар алады.
Бүгінгі күні Қазақстанда 725 мыңнан астам мүгедек адам тұрады, оның 58%-і еңбекке жарамды, 26,9%-і зейнеткерлік жаста, 15,1%-і 18 жасқа дейінгі балалар.