АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Әлімханұлы салмақ қуу барысында денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскеннен кейінгі жағдайы мен Михайловичпен жекпе-жектің тоқтатылуы туралы айтты.
"Қуанышта бірге болған жанкүйерлерім, қиындықта да қасымнан табылып жатқанына қуаныштымын. Баршаңызға Алла разы болсын. Тілек, дұғаларыңызға рақмет! Денсаулығым дұрысталды. Қазір барлығы жақсы. Бұйыртса келесі жоспарды ақылдасып жатырмыз!", - деп жазды Әлімханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, Қазақстан боксшысы Жәнібек Әлімбекұлы мен Жаңа Зеландия боксшысы Андрей Михайлович WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына таласуы керек еді.
Алайда журналист және Talksport.com сайтының инсайдері Майкл Бенсон жекпе-жектің болмайтынын хабарлады.
"Жәнібек Әлімханұлының Андрей Михайловичке қарсы жекпе-жегі ертең түнде болмайды, өйткені Жәнібек бейсенбіге қараған түні салмақ тастау кезінде құлап, ағзасының қатты сусыздану салдарынан ауруханаға түсті", - деп жазды Бенсон әлеуметтік желідегі X парақшасында.
Андрей Михайловичтің жаттықтырушысы Айзек Пич қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жегінің болмауына қатысты пікір білдіріп, қазақстандық спортшыны атағынан айыру керек деп мәлімдеді.