Маңғыстау облысында улы көл маңындағы қауіпті алқапқа сексеуіл егіліп жатыр

Алғашында шөлге төзімді өсімдіктердің биіктігі небәрі 25 сантиметр болса, қазір 2 метрден асады
Sputnik
АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысындағы "Қошқар ата" қалдық қоймасының айналасына сексеуіл егіліп жатыр, деп хабарлады 24kz.
Бұл уран қалдықтары көмілген улы көлден ұшатын топырақ көшкінін тоқтатуға мүмкіндік береді. Ал шөлге төзімді өсімдік отырғызу жұмыстарына эксперименталды ботаника бағының мамандары жұмылдырылды.
"Қошқар ата" улы көлінің радиациясынан қорғану үшін сексеуіл егу жобасы 2021 жылы басталған болатын. Қазір ұзындығы 4 шақырым, ені 100 метр 40 гектар алқапта 150 мыңдай сексеуіл өсіп тұр.
Алғашында шөлге төзімді өсімдіктердің биіктігі небәрі 25 сантиметр болса, қазір 2 метрден асады.
"Бұл жобамыз сәтті болды. Осы алқап улы заттардан және зиянды зиянкестерден халықты және елді мекендерді қорғап тұр", - дейді Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының аға инженері Әкімжан Лұқманов.
Шамамен жарты ғасыр бұрын өңірдегі үш өнеркәсіптік зауыттың радиоактивті қалдықтары осы қоймада сақталған. Қазір жасанды көл құрғап, улы шаң көтерілетін аймаққа айналды. Мамандар түрлі сынама алып, мәселенің мән-жайын анықтап жатыр.
"Сынама қорытындысы бойынша радиациялық қор болатын болса, әрі қарай қалай жұмыс істеу керектігі туралы алгортим құрылады. Бұл туралы нақты тапсырма бар. Осы нақты тапсырмаға сәйкес кешенді жоспар қабылданады", - деп түсіндірді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әсел Балманова.
"Егер нәтижесі төмен болса, жыл сайын 30 мыңға толықтырып отыру керек. Бірақ біздің жобада 80%-тен астам жақсы нәтиже алдық. Негізінде жоба бойынша 60% нәтиже алатын болсақ, онда жоба сәтті орындалған деп есептеледі", - дейді Маңғыстау эксперименталды ботаника бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева.
Жалпы улы көлдің айналасына сексеуіл егу жобасы 3 кезеңнен тұрады. Мамандар алдағы жылдары тағы 80 гектарға осы өсімдік отырғызуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде "Қошқар ата" радиациялық қоймасының 160 гектар аумағы қамтылмақ.