Білім

Грант конкурсына құжат тапсырғанда нені білу керек

Су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлеріне құжат тапсыруға қосымша төрт күн беріліп отыр
Sputnik
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Бүгін Қазақстан ҰБТ-ның нәтижесі бойынша грант конкурсына құжаттар қабылдау басталды. Талапкерлер 20 шілдеге дейін жоғары оқу орнын таңдап, құжат өткізуі керек. Ал су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлеріне қосымша төрт күн беріліп отыр. Sputnik Қазақстан грант конкурсына қатысты маңызды ақпаратты ұсынады.

Квотаны ескеру керек

Бүгінде заң бойынша гранттардың нақты бір бөлігі квотамен әлеуметтік жағынан осал топтар мен қандастар арасында таратылады. Олар:
I және II топ мүгедектігі бар адамдар – 1%;
ауыл мектебін бітіргендер – 35%;
қандастар – 4%;
жетім балалар және кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған жастар – 1%;
өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары ("Серпін" бағдарламасы) – 5%;
көпбалалы отбасыдан шыққан балалар – 5%;
толық емес отбасылардың балалары – 1%;
басқа мемлекеттердің аумағында болған ұрыс қимылдарының ардагерлері және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер – 0,5%.

Квотаны қалай есептеу керек

Квота дегеніміз, бөлінген жалпы гранттардың пайыздық үлесі. Мысалы, биыл "Педагогикалық ғылымдар" бағыты бойынша 13 735 грант бөлініп отыр. Демек, соның ішінде 137 грант немесе 1 проценті жетім балаларға, 549 грант немесе 4 проценті қандастарға, 687 грант немесе 5 проценті көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арналған.
Сол сияқты жалпы мамандыққа бөлінген гранттардың 35% проценті ауыл квотасымен беріледі. Оны да ұпай санымен ауылдың түлектері арасында таратады.
Сосын ауыл квотасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар - педагогика, IT, ауыл шаруашылық, ветеринария, медициналық және тағы басқа бағыттар бойынша беріледі.
Ауыл квотасы үшін анықтама алудың қажеті жоқ. Ауылдық жерде мектепті бітірген талапкер туралы ақпарат базада болады.
Білім
6 өңірдің түлектері грант конкурсына бұрынғы ҰБТ сертификатымен қатыса алады

Шығармашлық емтихан тапсыратындар не істейді

Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнына құжат тапсырып, 7 шілде – 15 тамыз аралығында емтихан тапсыруы қажет. Ал Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысының талапкерлері шығармашылық емтиханды ҰБТ-дан кейін тапсыра береді.
Шығармашылық емтихандар дәстүрлі форматта, яғни офлайн болады. Ал грант конкурсына қатысу үшін тек бір мамандық және бір жоғары оқу орнын таңдауға болады.
Бес пән бойынша ҰБТ тапсырған талапкерлер (Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы балдарын алып) шығармашылық дайындықты талап ететін бір ББТ-ны таңдай алады.

"Серпін" бағдарламасына 3 903 грант бөлінді

Қазақстанда "Серпін" жобасының қолға алынғанына біраз уақыт болды. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты - оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытц және білікті мамандар даярлау.
Биыл "Серпін" бағдарламасына 3 903 грант бөлініп отыр. Мамандықтар:
педагогика - 2500-ден астам;
инженерия, өңдеу және құрылыс саласы - 700-ге жуық;
IT - 300-ге жуық;
грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар - 70-ке жуық.
Осы жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі.
"Серпінге" бес облыс – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Жетісу облыстарының ауыл түлектері қатыса алады. Гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды мен Қостанай облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарына бөлінді.
Бағдарламаның негізгі шартына сәйкес, оқу аяқтаған соң 11 аймақтың біреуінде 2 жұмыс істеп, грантты өтеу қажет.
Грантқа түсу үшін әрбір университет нақты мамандық бойныша белгіленген шекті балдарды да ескеру керек. Оны мына жерден көруге болады.

Грант конкурсына қандай құжаттар тапсыру керек

Грант конкурсына қатысу үшін құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және eGov арқылы онлайн тапсыруға болады.
Құжаттардың тізімі:
жеке куәлік;
ҰБТ сертификаты;
3х4 көлеміндегі фото;
орта білім туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом);
жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.
Ал B167 Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану БББТ үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыруы керек.
Қандастар ұлты (қазақ) көрсетілген шетел төлқұжатын ұсынады. Олар үшін ҰБТ-ның шекті балдары бекітілмеген.
Бизнес идеяларды іске асыруға грант беріледі: өтінім қашан қабылданады

ҰБТ-ның нәтижесі қандай

Биыл республика бойынша 186 мыңнан астам адам мектеп бітірді. Барлығы дерлік негізгі ҰБТ-дан бағын сынауға шешім қабылдады. Ал гранттардың саны екі есе аз, 79 мыңға жуық болып тұр.
ҰБТ-ның нәтижесі:
талапкерлердің 77 проценті шекті балл жинады;
орташа балл – 69 балл;
ең жоғары балл – 140 балл.
Бұдан бөлек, тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 620 талапкер қатысты. Ереже бұзғаны үшін 502 адамның нәтижелері жойылды. 154 адам аудиториядан шығарылды, ал бейнежазбаларды тексергеннен кейін тағы 18 адамның нәтижесі жойылды.

Сараланған гранттар бар

Биыл пилоттық режимде сараланған гранттар бөлінді. Жалпы саны – 300. Оны екі бағытқа беріп отыр. Олар:
педагогикалық ғылымдар - 150 грант;
әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат - 150 грант.
Сараланған гранттардың шартына сәйкес, оқу ақсының 50 процентін мемлекет, ал қалғанын жартысын студенттің өзі төлейді.
Сараланған грант конкурсына қатысу үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балл саны жағынан грант алғандардан кейін тұрған талапкерлер сараланған грантқа ие болады.
Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласып, ҰБТ нәтижесіне қарамай, тегін оқуға қалай түсуге болатынын білген.