"Су сыртқа лақтырды": куәгер екі адамның өмірін қиған трагедияның қалай болғанын айтты

Сарқырама суы көзді ашып-жұмғанша жастарды жартасқа қарай орап әкеткен
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шұқыршық елді мекеніндегі сарқырамада екі бірдей жас суға батып көз жұмды. Оқиғаны көзбен көрген саяхатшы Любовь Ким Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
29 маусымда Любовь пен оның күйеуі Шұқыршық ауылына жақын орналасқан сарқырамаға саяхаттап барған. Саяхатшыларға сарқыраманың өзі де, табиғаты да өте ұнаған, көз тартарлық. Келген адамдарды бірден өзіне баурап алған.

Спортшының өзі жартасты жағалап судан әрең шыққан

Любовь Кимнің күйеуі сарқырамаға бару үшін суға түсіп, жүзе бастайды. Осы сәтті саяхатшы ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп алуды ұйғарған.
"Бір кезде оны жарға соққан сияқты көрінді, қауіп төнгенін байқадым. Телефонды тастай салып, оны құтқаруға жүгірдім. Бірақ бір әйел "жүзу білмесең барма" деп тоқтатты. Күйеуім спортшы, экстремалды жағдайда қалай әрекет етуді өте жақсы біледі. Сөйтіп жартасқа жабысып, жағалап жатып судан әрең шықты. Біз ол жерге баруға болмайтынын ұқтық", - дейді саяхатшы.

"Ескерту тақтайшалары мүлдем болмады"

Любовь Кимнің айтуынша қай жермен жүру қауіпті екені туралы ешбір ескерту тақтайшасы орнатылмаған.
"Сарқыраманың маңында да бір де бір ескерту тақтайшасы болған жоқ. Мен бұндай ескертулерге өте мұқият адаммын, сол себепті міндетті түрде бар-жоғына қарап жүремін", - дейді Любовь Ким.

Балалар ескертуді неге елемеді

Любовь пен күйеуі ес жиып, судан алыстай бергенде киіз үйлерге жастар келген.
Суретте жасыл түсті бағыттағышпен көрсетілген жастар көз жұмды
"Шамасы жақын елді мекендерден келген балалар ғой деймін. Екі қыз, үш жігіт болды. Біреуі тіпті 10 жас шамасында ғой деймін. Сондай көңілді, шат-шадымен, бір-бірімен ойнап жүр. Біз кетейін деп жатқанда жаңағы жасөспірімдер сарқырамаға барды. Мен "балалар бармаңдар, ана жерге жоламаңдар. Ол жер өте қауіпті, шыға алмай қаласыңдар, бармаңдаршы, өтінемін" деп жалындым. Бірақ олар орыс тілін түсінбеді ғой деймін, бізге жымиып күлді де, жаңағы қауіпті жерде суға түсіп кетті", - дейді ол.

Марқұмдардың денесін су сыртқа жаңқаша лақтырған

Жастар суға түсіп алып, асыр салып ойнаған. Любовь ұялы телефонымен видеоға түсіре бастаған.
"Бір уақытта көзді ашып-жұмғанша су жастарды жаңағы қауіпті жартасқа қарай орап әкетті. Төмен жақта тұрған жігіт жіпті лақтырып үлгерді. Бір баланы алып шықты, ол құсып есін жия алмай жатты. Ал қыз бен ұлды су жұтып қойды, тіпті ешнәрсе істеу мүмкін болмады. 15 минуттан кейін сарқырамадан бір баланың денесі жаңқа сияқты атып шықты. Су кәдімгідей денені лақтырып жіберді. Бірақ жасөспірімнің денесі жансыз болды. Мен "құтқарушылар шақырайық, бәрін су батырып әкетеді деп айқайлап, көмекке жүгірдім. Осы сәтте бір қыздың денесі су бетіне шықты. Кәдімгідей су балалардың денесін сыртқа лақтырып шығарып жатты", - деп куәгер қайғылы оқиғаны үреймен еске алды.
Судан аман қалған екі жас жарға өрмелеп аулақ кеткен.
"Бір ер адам келіп, "екі адам батып кетті ме?" деп сұрады, иә деп едім, "ешкімге айтпаңызшы" деп маған жалына бастады. Содан полиция келді, мен оларға барлық түсірген бейнежазбамды көрсетіп, мына қауіпті жерде тездетіп ескерту тақтайларын орнатып, айнала адам кірместей қоршап тастау керектігін айттым. Олар сөзімізді селқос тыңдады", - дейді Любовь Ким.
Ал Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ескерту тақтай бұрыннан болды деп ақталып бақты.
"Түркістан – Сырдария табиғи қорығындағы Боралдай өзенінің маңында суға түсуге тыйым салынған жерде 1999 жылғы ер адам мен 2005 жылғы қыз көз жұмды. Ол жерде ескерту тақтайшалары орнатылған. Демалушыларға судағы қауіпсіздікті сақтау қажеттігін ескертеміз", - дейді Түркістан облысының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразкелді Дүйсен.