Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

НАТО-ның қолдауы Украинаға жаңа шабуыл бастауға жеткіліксіз – БАҚ

Sputnik
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. НАТО шенеуніктері Вашингтондағы саммитте одақтас елдер келіскен Украинаға қолдау Киевке кем дегенде осы жылдың соңына дейін жаңа шабуыл жасауға мүмкіндік бермейді деп есептейді, деп жазылған New York Times мақаласында.
Бұған дейін НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ-та өткен саммиттің қорытындысы бойынша альянс елдері Украинаға тек 2025 жылға дейін 40 миллиард еуроға қолдау көрсетуге келіскенін, алдағы қаржылық міндеттемелер келесі жылдың маусым айында Нидерландыда өтетін саммитте талқыланатынын айтты.
"Бұл қолдау Украинаға келесі жылы Ресейді кері шегіндіретін жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді, ал қазір Украина Батыс қару-жарағының келгенін күтіп, әскерді көптеп алдыңғы шепке жылжытып жатыр", - деп жазды басылым жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап.
Сонымен бірге газет НАТО шенеуніктеріне сілтеме жасай отырып, Киев келесі жылға дейін "маңызды қарсы шабуыл жасауға" немесе Ресейден маңызды аумақтарды "жаулап алуға" дайын болмайтынын атап көрсетеді. Басылым АҚШ пен Еуропа елдері жақын арада Киевке уәде еткен қару-жарақтың қақтығыс аумағына жетуі үшін "апталар, тіпті айлар" қажет деп жазды, оның үстіне Киевке уәде етілген қарулардың бір бөлігі "әлі сатып алынбаған немесе әзірленбеген".
Мәскеу Украинаға қару-жарақ жеткізу жағдайды реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей бұған дейін Украинаға қару-жарақ жеткізілуіне байланысты НАТО елдеріне ескерту жіберген.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Украинаға қару-жарақ жіберген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысана болатынын айтты. Ресей Федерациясының сыртқы саясат ведомствосы НАТО елдері Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы "отпен ойнап отыр" деп мәлімдеді.