АЛМАТЫ, 12 шілде - Sputnik. Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 28,7 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 190 кәсіпорын 11,2 мың жұмыскерге 2,9 млрд теңгеден астам жалақысын төлемеген.
"Сонымен бірге түрлі ұйымдарда 5,6 мыңға жуық еңбек құқығы бұзылған. Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 182 ұйғарым берілді және 26,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды", - дейді ведомство.
Нәтижесінде 9,5 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, 2,2 млрд теңге төленген.
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 549 тексеру жүргізіп, 5 607 заң бұзушылық фактісін анықтаған.