Ет сататын орындарда өнім сапасы туралы ақпарат беретін QR-код орналастырылды

Ет сапасы, жарамдылығы, туралы QR-код арқылы білуге болады
Sputnik
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі ет сататын орындарда QR-код енгізді. Ол арқылы сатылатын ет туралы барлық ақпаратты білуге болады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Жүйе сою және ішкі сауда объектілерінде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін сараптама актісін берудің бизнес-процестерін автоматтандырады, сондай-ақ жануардың толық өмірлік циклі туралы ақпараты бар QR-кодты қалыптастырады",- делінген хабарламада.
Бұл QR ет сату орындарында орналастырылады, малдарды ветеринарлық тексерусіз және ұшалар мен ағзаларды сараптамасыз союдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда жоба іске қосылып, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеуде.
"Оған 1664 мал сою орны, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары, сауда орындары қосылған. Жүйеде 1470-тен астам ветеринар, Ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының қызметкері және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар тіркелген", - деп атап өтті ведомство.
QR-код арқылы 117 мыңнан астам ветеринариялық анықтама бланкілері және 438 мың сараптама қорытындысы шығарылды.
Жүйе Ресеймен шекаралас Шарбақты ветеринарлық бақылау пунктінде сынақтан сәтті өткен.