Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматқа көлік тұрағы үшін заңсыз айыппұл салынған

Оған қатысты 8 әкімшілік хаттама толтырылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 шілде - Sputnik. Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматқа көлік тұрағын төлемегені үшін заңсыз айыппұл салынған, деп хабарлайды адам құқықтары жөніндегі уәкілі.
2-топ мүгедектігі бар азамат адам құқықтары жөніндегі уәкілге хабарласқан. Оның айтуынша, үйінің жанындағы ақылы автотұраққа көлігін қойған.
"Өтініш беруші ерекше қажеттіліктері бар адам болғандықтан өз көлігін кіреберістің жанына қоюға мәжбүр болған, бірақ видеобот оған тұрақ ақысын төлемегені үшін автоматты түрде айыппұл салған. Оған қатысты барлығы 8 әкімшілік хаттама толтырылған", - дейді ведомство.
Бұл мәселені әкімдік пен "Алматы паркинг" компаниясы жиында талқылаған.
Жиын қорытындысы бойынша әкімшілік өкілдері мәселені 3-тоқсанның соңына дейін шешіп, ғимарат тұрғындары үшін көлік тұрағын тегін етуге уәде берген.
Сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасына арызданушының құқық бұзушылықтарын жою туралы хат жолданып, ол атқарушылық өндірістің күшін жою туралы жеке сот орындаушылар республикалық палатасында да қаралды.
"Қазіргі уақытта арызданушыға қатысты барлық ұйғарымдардың күші толығымен жойылып, атқарушылық іс-әрекеттер аясында бұрын өндіріп алынған сома өз шотына қайтарылды" – делінген адам құқықтары жөніндегі уәкіл хабарламасында.