АСТАНА, 11 шілде - Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласы "Олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлау фактісін анықтады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Мәселен, 2021-2022 жылдары мекеменің лауазымды тұлғалары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған.
"Іс жүзінде жиындар өткізілмеген, жаттықтырушылар спортшылардың жүріп-тұруы және тамақтануы туралы жалған есептер тапсырған", - деп жазылған хабарламада.
Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген залал сомасы 40 млн теңгеден асады.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге мәлімет жария етілмейді.