АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімдігі ауыз суды өндіру көлемінің төмендеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде "МАЭК" ЖШС тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндіреді. Алайда өндірістік қуаты 52 000 текше метрді құрайды.
Компания бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушиновтың айтуынша, ауыз су өндірісінің төмендеуіне күннің күрт ысуы мен тұшытатын теңіз суы температурасының күрт жоғарылауы әсер етіп отыр.
"Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады", - дейді Желкушинов.
Бүгінде әкімдік желілердегі су қысымын кесте бойынша төмендетуге шешім қабылдады.
"Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара", - деп атап өтті Желкушинов.
Күн ысыған кезде ауыз суды тұтыну көлемі де артады. Орталық сумен жабдықтау желілерінде ауыз су деңгейін тұрақтандыру мақсатында қаланың барлық көлік жуу орталығының жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Ақтауда 72 көлік жуу орталығы тіркелген.
Ал Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған жобаларды тездетіп аяқтауды тапсырды. Тамыз айына қарай екі жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Мәселен, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метрге дейін ұлғайту" жобасы аяқталуға жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді. Тамыз айында өңір тұрғындарына ауыз су беру басталады.
Сондай-ақ "МАЭК" ЖШС "ОСЖТ-2"(екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар пайдалануға берілді. Алдағы күндері қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 мың текше метр ауыз су беріледі.