АСТАНА, 10 шілде - Sputnik. Ұлыбритания қорғаныс министрінің орынбасары Люк Поллард Украинаға әскери қолдау көрсетуге байланысты соңғы жылдары елдің қорғаныс қабілеті төмендегенін мәлімдеді.
"Қазір Ұлыбритания қарулы күштерінің мүмкіндіктері біз тап болған қауіп-қатерге сәйкес болуы керек. Соңғы жылдары біздің мүмкіндіктерімізде олқылықтар пайда болды, бірақ оған дәлелді себептер бар. Мысалы, біз Украинадағы достарымызға Ресейдің заңсыз агрессиясына қарсы күресу үшін Ұлыбританияның әскери техникасын беру арқылы қолдадық. Дегенмен бұл біздің қарулы күштерімізде олқылықтар тудырды", - деді ол LBC радиосына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, келесі аптада басталатын қорғаныс саласына жаңа шолу жұмыстары сол "олқылықтарды" анықтап, Украинадағы қақтығыстан сабақ алуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қорғаныс шығындарын 2,5 пайызға дейін ұлғайту ниетін баса айтып, қорғаныс саласына тиісті стратегиялық шолу бойынша жұмыс келесі аптада басталатынын мәлімдеді. Осы жұмыс қорытындысы бойынша бұл мақсатқа жету үшін жол картасы әзірленеді. Оны дайындау жұмысына қорғаныс министрі Джон Хили жетекшілік етеді.
Times бұған дейін хабарлағандай, бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған бірнеше британдық әскери шенеунік Батыстың қорғаныс қабілетінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, жаңа лейбористер үкіметі Ұлыбританияның қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 2,5%-іне дейін ұлғайту туралы шешімді кейінге қалдыру арқылы "отпен ойнап жатыр" деп мәлімдеді.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, Украинаға бөлінген әскери көмектің жалпы сомасы 7,6 миллиард фунт стерлингті құрайды, оның ішінде 2024-2025 жылдарға арналған 3 миллиард фунт стерлинг көлеміндегі қолдау бар.