АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде өтетін дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
"Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды", – деді мемлекет басшысы.
Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.
"Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім, Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Біз – спортшыларға айрықша құрмет көрсететін елміз", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.
"Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Бекзат Саттарханов, Ольга Рыпакова атындағы спорт нысандары – соның айқын көрінісі. Сіздер де биік белесті бағындыра аласыздар. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінгі жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен абырой", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бейбітшілік және ынтымақтастық саясатына еліміздің қашан да бейілді екеніне назар аударды
"Олимпиада ойындарының құндылықтары қарапайым спорт жетістіктерінен асып түседі. Ол – жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі", – деді президент.
Тоқаев ел намысын абыроймен қорғауда спортшыларға жауапты миссия жүктелгенін айтып, оларға сәттілік тіледі.
Президент Қазақстанның Мемлекеттік туын ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы "Ақбұлақ" олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.