АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Атырау облысының құмды аудандарында қарақұрт қаптады. Осы уақытқа дейін алты адам жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой Город" порталына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, Индер мен Исатай аудандарында екі адамды қарақұрт шаққан. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, 9 адам облыстық ауруханаға жатқызылды. Төртеуі жансақтау бөліміне түсті, тағы үшеуіне уға қарсы екпе жасалды.
Ал балалар ауруханасына үш бала түсті. Екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуі уақытында медициналық көмекке жүгінді.
Қазіргі кезде облыстың Индер, Исатай мен Құрмағазы аудандарында қарақұрт қаптап кетті. Олар 397 түйені шаққан. 217-сі ғана аман қалды. Қарақұрттан мал өлсе, облыстық бюджеттен өтемақы төленбейді. Осыған байланысты әкімдік мамандары қарақұрт қаптаған жерге малды шығармауға кеңес беріп отыр.