АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев жол бойындағы бір дәретхананы салуға және күтіп ұстауға кететін қаржының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша ескі дәретханалардың саны 700-ден асады. Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін 108 жаңа дәретхана орнатылды. Биыл тағы 48-і қойылады.
"Ондай дәретхананың бағасы аумағына және орналасқан жеріне байланысты. Басында 8 милллионнан болды, қазіргі бағасы 8-18 миллион теңге болып тұр", - деді Қарабаев үкіметте өткен брифингте.
Ал бір дәретхананы күтіп ұстауға 300 мың теңге кетеді. Екі адам кезек-кезек жинайды, я болмаса, бір адам қарауы мүмкін. Ондай жүйе тиімсіз, сол себепті дәретханаларды жанар-жағармай құю станцияларында, я болмаса, дәмханаларда көптеп ашуға басымдық беріледі.
"Ал дәретханалар сервистік және туристік нысандарда ашылса, олар өздері күтіп ұстайды",- деп атап өтті министр.