АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев премьер-министрден 500 шетелдік жұмысшының квотасын реттеп беруді сұрады. Бірақ олардың жұмысын отандық мамандар да істей алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде жол жөндеу саласында маман тапшылығы бар. Атап айтқанда, автогрейдер немесе асфальт төсеуші техниканы жүргізетін операторлар қажет.
"Ондай операторлар болса кез келген уақытта жұмысқа алуға дайынбыз. Қай елде тиісті маман бар, сол елдерден тартылады. Мысалы, операторлар Қытай елінен, Армениядан немесе Түркиядан тартылуы мүмкін", - деді Қарабаев.
Алайда ондай мамандар өз елімізден табылса, жұмысқа емін-еркін тұра алады.
"Бар болса, сіздер де жариялап, көмектесіңіздер. Барсын, жалақысы да жақсы. Жұмысқа қабылдауға дайын. Жалақысы әр компанияда әртүрлі. Мысалы, жақсы білікті операторлар 400 мың теңгеден астам алады, кейбіреулері 700 мың ткңгеге дейін алады. Одан да көп алатындар бар", - деп атап көрсетті көлік министрі.