АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Зерендіде қайтыс болған әйелдің немересі әжесінің зейнетақысын үш жыл бойы алып жүрген. Сол үшін үш жылға түрмеге қамалды, деп хабарлайды Ақмола облыстық прокуратура.
Прокурорлар зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша талдау жүргізген. Текеру кезінде 1937 жылы туған зейнеткер әйелдің 2021 жылы Зеренді ауылында қайтыс болғаны анықталды. Алайда осы уақытқа дейін біреу зейнетақысын алып жүрген. Ол қайтыс болған әйелдің туған немересі болып шықты.
"Ер адам әжесінің қайтыс болу фактісін уәкілетті органдардан жасырып, зейнетақыға арналған банк картасынан ақшаны жүйелі түрде алып жүрген. Ол жалпы сомасы 4 000 000 теңгеден астам қаражат ұрлап әкеткен, осылайша мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген", - дейді прокурорлар.
Зеренді аудандық сотының үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе ірі мөлшерде жасалған алдау арқылы бөтеннің мүлкіне құқық алу) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Мемлекетке келген залал сомасы өндірілді.