АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik. Ақмарал Әлназарова ведомствоның жұмысы мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда.
Касым-Жомарт Токаев принял в Акорде министра здравоохранения Акмарал Альназарову
© Фото: Акорда
Оның айтуынша, қазақстандықтардың қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асады.
Жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген. Вакциналау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр, медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылғаны туралы есеп берді.
Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіліп жатқаны туралы айтты.
Бұдан бөлек, медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген.
Әлназарованың айтуынша, олар қолданысқа енгізіліп жатыр, жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берді.
Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесу соңында мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.