АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Алматы облысында 4,8 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз төленіп, ұрланған, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Ауыл шаруашылығы басқармасын тексеру кезінде бюджеттік субсидияларды ұрлау, оларды заңсыз төлеу және шаруаларға "таңдау әдісімен" төлеу схемалары анықталды.
"Субсидиялау саласында қайтарылуға тиіс сома 4,8 млрд теңгеден асты. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша өтеу процесі басталып, бүгінде бюджетке 110 млн теңге қайтарылды", - деп жазылған хабарламада.
Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асыл тұқымды жануарларды алу мақсатында селекциялық жұмыстарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны ұрлаған. Іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмай, құжаттар ресми түрде ресімделіп, облыста асыл тұқымды мал саны ұлғайтылмаған.
Облыс әкімдігінің есептік деректері бойынша асыл тұқымды қойларды селекциялау бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша 4 жылда олардың саны 1,9 млн-ға дейін ұлғайтылған. Алайда деректер тек қағаз жүзінде қалған, прокурорлық тексеру облыс бойынша асыл тұқымды қойлардың саны небәрі 367 мың бас екенін көрсетті.
Облыста ауыл шаруашылығын дамытудың тиімділігін талдау жалғасуда. Мысалы, 2023 жылы Ұйғыр ауданындағы кооператив жоқ малға селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін 45,2 млн теңге сомасына субсидия алған. Субсидия алған кезде Ұйғыр ауданы тұрғындарының малын тіркеген.
Ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі 5 тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға 3 ұсыным енгізілді.