АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Жамбыл облысы Сарысу ауданында нөсер жауын салдарынан 400 үйдің ауласын су басты. Бұдан бөлек, 47 үйге су кірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
7 шілде Сарысу ауданында қатты жауын жауды. Ал кешкі уақытта таудған аққан жаңбырдың суы 200-ден астам үйдің ауласына кірген. Жақын тұрған 21 үйдің ішін су алды. Сондай-ақ ауданда қатты желдің салдарынан бірнеше рет жарық сөніп қалған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиға орнына өз орынбасарын жіберген. Артынан өзі де барды.
Соңғы мәліметке сәйкес, су 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішіне кірген. Қазіргі кезде 50-ден астам құтқарушы су айдау жұмыстарын атқарып жатыр.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай салдарын жоюға 17 техника мен 11 мотопомпа тартылды.
"Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз", - дейді Қарашөкеев.
Бұған дейін "Жаңатас-Саудакент" тас жолы су басу қаупіне байланысты жабылған болатын. Қазіргі кезде аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.